АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Халықтық дауыс беру нәтижесінде "Bayan sulu–2018" байқауының ақтық сынында сайысатын 5 арудың есімі белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Баян Алагөзова түсірген ұлттық арнадағы "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" телехикаясы көрерменнің көңілінен шықпай, қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Әсіресе, сыни пікірлер басты кейіпкердің образына бағытталды. Қалың қауым жырдағы бейнемен ұштасатын Баян сұлуды кинодан көре алмағанын айтты. Осы тұста "Баян сұлу" кондитерлік фабрикасы халыққа өз Баянын таңдауға мүмкіндік беру керек деп шешіп, "Bayan sulu–2018" байқауын жариялайды.
Әуелі байқау қорытындысы 15 сәуір – ғашықтар күні қарсаңында белгілі болуы керек еді, бірақ кейін ұйымдастырушылар оны 19 мамырға дейін ұзартты.
13 мамырда дауыс беру тоқтатылып, ақтық сында бақ таластыратын бес арудың есімі белгілі болды. Олар — Әдинай Римхаш, Жанар Сәкенова, Әйгерим Қалиева, Мәдина Лепесбай және Қорлан Мұрат.
Бес қыздың ішінен жеңімпазды әділқазылар алқасы таңдайды. Қазылар құрамына мәдениет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері кіреді. Бас жүлде – жеңіл автокөлік. Бұдан бөлек, жеңімпаз ару жыл бойы "Баян сұлу" кондитерлік маркасының ресми бейнесі болып танылмақ.
Екінші орынға Таиландқа екі адамға жолдама, үшіншіге iPhone X телефоны, төртінші және бесінші орындарға 150 мың теңгеден белгіленіп отыр.
Айта кетейік, байқауға қатысу үшін 18 бен 35 жас аралығындағы қыз-келіншектер halykbayansulu.kz сайтындағы анкетаны толты¬рып, фотосы мен видеоролик жүктеуі керек болды. Оларға өзі туралы және неліктен халықтың Баян сұлуы болуға лайық екенін әңгімелеп беру талабы қойылды.
Әділ жолмен емес, түрлі айла-амалмен дауыс жинаған кейбір қыздар байқаудан шеттетілді.