Қоғам

Дуамбеков: Қазақстанға келгісі келетін инвесторды, ең әуелі, жемқорлық жағдайы қызықтырады

© Sputnik / Болат ШайхиновПара
Пара - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Орталық коммуникациялар қызметінде "Руханият пен адамгершілік сыбайлас жемқорлыққа жаппай төзбеушілікті қалыптастыруда" атты дөңгелек үстел өтті

АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобының мүшесі Мұсағали Дуамбеков сыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Біз мониторингтік топпен ел-елді аралаған кезде, халыққа жемқорлықтан құтылу керек екенін үнемі айтып жүреміз. Жалпы қазақ тіліндегі жемқор сөзіне үңілсек, ондай адам "көзі тоймайтын, ашкөз құбыжық" секілді елестейді көз алдыңа. Қазақ тарихында бұрын-соңды жемқорлық, жемқор деген түсінік болмаған. Ұрлық, адам өлтіру секілді қылмыс болды, ал жемқор қолданысқа кейіннен енген сөз. Қазақ тілінде бұл сөз тіпті ауыр естіледі. Сондықтан жемқорлық секілді "қасиеттен" құтылу керектігін жүрген жерлерімде айтып жүремін", — деді Дуамбеков дөңгелек үстелде. 

Оның айтуынша, Қазақстанның сыбайлас жемқорлық бойынша рейтингі болашақта елге тартылатын инвестицияға үлкен әсерін тигізеді. Өйткені кез келген шетелдік инвестор қандай да бір елге ақша құймас бұрын, сол елдің жемқорлық деңгейін зерделейді.

Ер адам қалтасына ақша салып жатыр, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Шпекбаев сыбайлас жемқорлық қылмысын кімдер көп жасайтынын айтты

"Арнайы мониторингтік топпен өңірлерді аралаған кезде, сыбайлас жемқорлық рейтингін көтеру керектігін айтамыз. Себебі Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қатысты рейтингін тәуелсіз халықаралық ұйымдар бағалайды. Елге тартылатын болашақ инвестиция да осы рейтингке байланысты. Өйткені біздің елге миллиардтаған инвестиция құйғысы келетін инвестор, ең әуелі, осы елде жемқорлық бар ма, жоқ па деп ойланады. Сондықтан біз халықпен кездесу өткізген кезде, осы жайында үнемі айтып жүреміз", — деді Дуамбеков. 

Сонымен қатар, мониторингтік топтың мүшесі елде сыбайлас жемқорлықтың түп-тамырын жою үшін телеарналардан еңбек адамын көбірек насихаттау керек екенін атап өтті. 

"Кезінде мен ақпарат министрі Дәурен Абаевқа хат жазған едім, біздің сауыншылар, колхозшылар, ғалымдар  қайда кетті, теледидардан неге көрінбейді деп. Теледидарды қоса қалсаң, өңкей әртістер. Құдды бүкіл ел  әртіс болу керек секілді. Бұл дұрыс емес, идеологияны өзгерту керек. Теледидардан еңбек адамын, білім адамын насихаттау керек. Жұртқа алтын лимузин мінген әртістердің керемет өмірін емес, нанды маңдай термен қалай табуға болатынын үйрету қажет. Сондықтан жемқорлыққа байланысты өтетін келесі дөңгелек үстелге ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілдерін шақыру керек. Біздің мында не айтып жатқанымызды, дін, азаматтық қоғам позициясы тарапынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өздері келіп, естісін", — деп түйіндеді топ мүшесі.

Жаңалықтар
0