АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik. Мәскеуде МГИМО терезесінен құлап кеткен қазақстандық қыз көз жұмды.
21 жастағы қыз бейсенбі күні ресейлік ауруханада жан тапсырды.
"Таңғы 4.00-те көз жұмды", — деп мәлімет берді Склифосовский атындағы ҒЗИ РИА Новости агенттігіне.
Сыртқы істер министрлігі қыздың қайтыс болғаны туралы ақпаратты растады.
Куәгерлердің айтуынша, қазақстандық қыз 13 сәуірде Дағыстан тумасы — басқа бір оқу орнының студентімен сөйлесіп тұрған. Кей деректерде айтылғандай, екеуі қыз-жігіт болып жүріп жүрген көрінеді. Мәліметтердің біріне сүйенсек, екі жас бір-біріне дауыс көтеріп, жігіт терезені ашып, қызды итеріп жіберген. Жедел жәрдем зардап шеккен бойжеткенді ауруханаға жатқызды. Қыз көптеген сынық жарақатын алып, басына зақым келген.
Кейінірек Дағыстан тумасы қарама-қайшы түсініктеме беріп, қазақстандық студентпен болған оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.