АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik. Шымкентте күн көрсетпеген көршісін өздері жазалаған үш жігітке қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлады otyrar.kz.
30 жастағы зардап шегуші бұған дейін бірнеше рет сотталғаны, соңғы рет жарты жылдай бұрын бостандыққа шыққаны белгілі болды.
Түрмеден кейін ол жергілікті тұрғындарға күн көрсетпей, ұрып-соғатынды шығарған, тіпті травматикалық қарудан оқ атқан. Оның бұл қылығынан мезі болған жергілікті тұрғындар полицияға хабар берудің орнына өздері жазалауға шешім қабылдапты.
Үш жігіт травматикалық тапанша және аңшы мылтығымен қаруланып, осы жылдың бірінші қаңтары күні оған шабуылдаған. Ер адам сол жерде жан тапсырған. Үшеуі де сол күні полицияға өздері берілді.
Іс материалдары Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.