АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев теңге бағамының құбылуына алаңдамауға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Менің ойымша, валюта нарығындағы жағдай сыртқы және ішкі факторлардың әсерін байқатып отыр. Бұл өзгерістер рубльдің Ресей қаржы нарығында әлсіреуімен байланысты болса керек. Біз рубльдің бірнеше күн қатарынан әлсіреп жатқанын көріп отырмыз. Бұл факторлар теңгеге де осылай әсер ететін шығар. Бірақ осы орайда мен мынаны атап өткім келеді, теңге үшін қазір өте қолайлы жағдай қалыптасып отыр", — деді Ақышев.
Ұлттық банк басшысы, қазір мұнай бағасы өте жоғары деңгейде, яғни барреліне 75 долларға дейін жеткенін атап өтті. Оның үстіне осымен екінші тоқсан қатарынан төлем балансының нөлдік айырымы байқалып отыр.
"Сондықтан теңге бағамының құбылуына алаңдайтындай себеп көріп тұрған жоқпын, бағам сыртқы факторларға жауап ретінде құбылады", — деді ол.