АСТАНА, 1 мамыр — Sputnik. Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығын тойлау қарсаңында "Рухани жаңғыру" бағдарламасына бір жыл толу құрметіне арналды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Велошеру "Бәйтерек" монументінің алдынан басталды. Қатысушылар елорданың сол жағалауында 4 шақырым 100 метрді жүріп өтті.
Велошеруге еліміздің атын әлемдік деңгейде танытып жүрген атақты велошабандоздар мен өзге спортшылар, Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының өкілдері және Астана қаласының 12 жастан асқан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Велошеруге өзге қатысушылармен бірге "Astana Pro Team" кәсіби командасының танымал велошабандозы Дмитрий Груздев те атсалысты. Спортшы Қазақстанның үш дүркін чемпионы және жеке жарыста Азияның екі дүркін жеңімпазы.
"Велосипедті серік қылғаныма төрт жылдан асып барады. Күн жылынғаннан бастап қара күзге дейін қала ішінде велосипедпен жүремін. Биыл көп жылғы тәжірибемнің нәтижесі ретінде бас қаламыз Астананың 20 жылдығының құрметіне Елордадан туған жерім Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына велошеру жасамақ ойым бар. Жоспарланып отырған велошерудің жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрайды. Негізі осындай спорттық іс-шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегім бар", — дейді қала тұрғыны Ернат Қашқынов.
Велошеру аяқталған соң ұйымдастырушылар арнайы тіркелгендер арасында бағалы сыйлықтар ойнатты. Тіркеу нөмірі тосын таңдауға іліккен қатысушылар велосипедтерге ие болды. Жалпы велошеруге мыңнан астам қала тұрғыны қатысты.