АСТАНА, 28 сәуір — Sputnik. Алматы әуежайында үйлену тойынан қайтып келе жатқан Астана тұрғыны полицей мен оның серіктесін теуіп, балағаттаған.
Ер адам ұсталып, оған қылмыстық іс қозғалды.
Сот материалына сәйкес, өткен жылдың қарашасында Алматы әуежайында SCAT әуекомпаниясының өкілі Астана − Алматы рейсіне отырғызу кезінде бортқа мас жолаушыны жібермеу үшін полиция жасағын шақырған.
Шақыртуға келген полицияның кіші сержанты мен қатардағы қызметкер жолаушыдан құжатын көрсетуді және өздерімен бірге кезекшілік бөліміне баруды талап етеді. Дегенмен ер адам полицейді теуіп, оған балағат сөздер айтқан. Кезекшілік бөліміне барар жолда ол қарсылық көрсетуін жалғастырған.
Сотта ер адам кінәсін толығымен мойындап, оқиға үйлену тойынан Астанаға қайтып бара жатқан жолда болғанын жеткізді. Айтуынша, бортқа жібермей қойғанына ашуланып, осындай келеңсіздікке жол берген. Сотта ол зардап шегушілерден кешірім сұрады. Дегенмен полицейлер оның кешірімін қабыл алған жоқ.
Сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 378 (билік өкілін балағаттау) және 380-баптары (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша кінәлі деп тауып, оны бір жылға бас бостандығынан айырды.