АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. 30 сәуірде Атырауда мыңнан аса адамның қатысуымен қайырымдылық велошеру өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Санаулы күнен кейін, 30 сәуірде жергілікті кәсіпкер Ибрагим Акдрашевтың қолдауымен велошеру өтеді. Велошеруге мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлап отырмыз. Бұл шараға Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Илья Ильин келеді деп күтілуде", — деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Аймақ басшысының айтуынша, велошеру аясында қайырымдылық аукционы ұйымдастырылады.
"Түскен қаражаттың барлығы жақында құрылған велоклубтың материалдық, техникалық базасын жасақтауға және осы спортпен айналысамын деген балаларға қажет құрал-жабдықтарды алуға, осы спорт түрін насихаттауға жұмсалады. 80 балаға көмек көрсету жоспарланып отыр", — деді Ноғаев.