АСТАНА, 19 сәуір — Sputnik. Қырғызстан парламенті Жогорку Кенеш қазіргі премьер-министр Сапар Исаковтің үкіметіне сенімсіздік вотумын білдірді.
Исаковтің министрлер кабинетіне сенімсіздік танытуға 101 парламентарий дауыс берді, бесеуі қарсы болды, деп жазды РИА Новости. Бұған дейін оппозициялық фракциялар үкіметтің өткен жылғы жұмысын қанағаттанғысыз деп бағалап, есебін қабылдамай тастаған болатын.
Егер депутаттардың басым көпшілігі үкіметке сенімсіздік танытса, президент үкіметті отставкаға жіберу туралы шешім қабылдауға немесе Жогорку Кенештің шешімімен келіспеуге құқылы.
2017 жылдың сегіз айында үкіметті қазіргі ел президенті Сооронбай Жээнбеков басқарған болатын, ол президенттік сайлауға қатысуына байланысты өкілеттігін тоқтатты. 40 жастағы премьер Сапар Исаков өткен жылдың қыркүйегінде ант қабылдады.
Жогорку Кенеш алты парламенттік фракциядан тұрады. Оның үшеуі оппозициялық фракция — "Республика-Ата-Жұрт", "Онугуу-Прогресс" және "Ата-Мекен". Көпшілік коалиция Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясы, "Қырғызстан" және "Бір Бол"фракцияларынан тұрады.