АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. Астанада аялдамалардың бірінде автобустың доңғалағын ауыстырып жатқан жүргізуші белгісіз себеппен көз жұмды.
"Астана LRT" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 18 сәуір күні таңертең сағат 8.30-да болған.
"Шанхай" базары бағытындағы Бөгенбай батыр даңғылының "Бейбітшілік" аялдама пунктінде №120 бағдардағы Hyundai County маркалы автобустың алдыңғы доңғалағын ауыстыру кезінде механикалық көлік құралының жүргізушісі көз жұмды. Биологиялық өлімнің себебі әзірге белгісіз ", — деп хабарлады көлік компаниясы.
54 жастағы автобус жүргізушісі рейске шығардан бұрын медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген. Оның жолаушылар көлігіндегі еңбек өтілі 10 жылдан асқан екен.