АСТАНА, 15 сәуір — Sputnik. Ресейдің Сирияға соққы жасауды тоқтатуға шақыратын қарарын БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қабылдамай тастады, деп хабарлады РИА Новости.
АҚШ, Франция және Ұлыбритания Сирияға соққы жасағаннан кейін Ресей сенбі күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырды.
Мәскеу "АҚШ пен оның одақтастарының Сирияға қатысты агрессиясын" айыптайтын қарардың жобасын таратты. Қарар жобасы сондай-ақ "АҚШ пен оның одақтастарынан Сирияға қатысты агрессияны дереу тоқтатуды, БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқықты бұзатындықтан одан әрі күш қолдануды тоқтатуды" талап етеді.
Қауіпсіздік кеңесі отырысы барысында құжатқа дауыс берілді. Ресей, Қытай және Боливия жақтап дауыс берді. Сегіз ел, оның ішінде АҚШ, Франция мен Ұлыбритания қарсы шықты, тағы төрт ел, оның ішінде Қазақстан дауыс беру кезінде қалыс қалды.
АҚШ, Британия мен Франция 14 сәуір күні таңертең Сирияның үкіметтік нысандарына зымыран соққыларын жасады, олардың пікірінше бұл нысандарда химиялық қару жасалып жатыр. Олар Сирияға 100-ден аса зымыран ұшырды, оның көбісін сириялық әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері атып құлатқан. Ресейлік күштер араласқан жоқ, алайда барлығын қадағалап отырды.
Ресей президенті Владимир Путин зымыран соққыларын егемен елге қарсы агрессия деп атады.