АСТАНА, 13 сәуір — Sputnik. Ювеналды полиция инспекторлары жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия мүшелерімен бірге Алматыдағы апаттық үйден үш жасар балаларды тапты.
Қыз бен ұл удай мас күйінде төсекте жатқан 40 жастағы әкесінің қасында ойнап отыр екен. Ал 41-дегі анасы жұмысқа кетіпті.
"Үйдің іші лас, әр жерде бөтелке шашылып жатыр. Балалар аш-жалаңаш жүр. Ата-ананың туған перзентіне салғырттығынан адам шошиды. Мүлдем қараусыз қалдырған. Балалардың сырттай қарағанда дені сау, екеуі де үш жаста, бірақ балабақшаға бармайды", — деді қаланың ІІД жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаева.
Балалар отбасы тұрмыс-тіршілігінің төмендігіне байланысты кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығына жіберілді.
Әліпбаева атап өткендей, отбасының жағдайы төмен деп тіркелген. Ерлі-зайыптылар тұрмыстарын түзетуге уәде берді, әйтпесе ата-ана құқығынан айырылады.