АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен британиялық Билли Джо Сондерс арасындағы жекпе-жек күзге дейін шегерілді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Британиялық боксшының промоутері Фрэнк Уорреннің сөзінше қос тарап мамыр немесе маусым айында жекпе-жек өткізу туралы бір келісімге келе алмаған.
"Головкиннің промоутері Том Леффлермен сөйлесіп, Головкин — Сондерс жекпе-жегін күзде өткізуді шештік. 5 мамыр күнгі жекпе-жектен Биллидің жарақаты болғандықтан бас тарттық.
Егер 23 маусым Билли Мартин Мюррейге қарсы жекпе-жекте чемпиондық белбеуін қорғаса, күзде Головкинмен жұдырықтасады. Бұл керемет жекпе-жек болады және оны Британияда ұйымдастырғымыз келеді", — деді Фрэнк Уоррен.
Айта кетейік, Геннадий Головкиннің 5 мамырда кіммен жекпе-жек өткізетіні әлі белгісіз.