АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik. Ақтау мектептерінің біріндегі жиналыста құқық қорғаушылар педофил болуы мүмкін ер адамның сыртқы белгілерін хабарлап, ата-аналарды балаларын далаға жібермеуге шақырды.
Алдымен кәмелеттік жасқа толмаған балаға жармасқан күдікті ер адам туралы мәлімет әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралды. Аудиожазбада қаланың жоғарғы бөлігінде белгісіз біреу балаларға қатысты сексуальдық іс-әрекеттер жасамақ болғаны туралы айтылады, деп жазды "Лада".
Кеше, 4 сәуірде №7 мектеп-лицейде құқық қорғау органдарының өкілдері ата-аналарға қылмыскер болуы мүмкін ер адамның сыртқы белгілерін хабарлады. Полицейлердің мәліметінше еуропа нәсілді күдіктінің бойы ұзын, көзі көк, ерекше белгілері – аяғы ақсақ және алдыңғы тістері жоқ.
Ата-аналардың айтуынша, кәмелетке толмаған балаларды зорлауға бірнеше рет әрекет жасалғандықтан құқық қорғау органдарының қызметкерлері балаларды далаға жібермеуге шақырған.