АСТАНА, 5 сәуір — Sputnik. Фатима, Зухра, Хурсан. Бұл Кентау қаласында дүниеге келген үшемге берілген есім. Үшемдер 18 ақпанда туған. Салмақтары төмен болғандықтан бүгінде үшем анасымен бірге Түркістан қаласының балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр, деп хабарлады otyrar.kz Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зухра мен Хурсанның қазіргі жағдайы жақсы. Ал салмағы бір келіге де жетпейтін Фатима дәрігерлердің бақылауында. Қала әкімдігінен арнайы мамандар барып, сәбилер мен олардың анасының жағдайын біліп қайтты.
Үшемді өмірге алып келген Дилфуза Шәмшиеваны Қарнақ ауылы әкімінің орынбасары Қайрат Ахметов арнайы құттықтап, сыйлықтарын табыс етті.