Қоғам

Қытайдағы үйін сатуға кеткен қандасымыздың басы бәлеге қалды

© Sputnik / Нұргүл АбайКүлпаш Кәдірбекқызы
Күлпаш Кәдірбекқызы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Астанада тұратын оралман Күлпаш Кәдірбекқызының Қытайға кетіп, сол күйі отбасына орала алмай жүрген жұбайын көрмегеніне бір жылдан асты

АСТАНА, 5 сәуір – Sputnik, Нұргүл Абай. Жақында интернет басылымдардың бірінде 18 жастағы Саягүл Нұрболаттың қазақстандықтардан Қытайдан атажұртына орала алмай жатқан әкесіне көмектесуді өтінген видеосы жарияланған еді. Sputnik Қазақстан тілшісі бойжеткеннің анасымен кездесіп, істің мән-жайына қанығып қайтты. 

"Бір айда бір рет амандығын білдіріп тұрады"

44 жастағы Күлпаш Кәдірбекқызының жұбайы Нұрболат Сарыайттың Қытайдан аман-есен оралуын сарыла күтіп жүргеніне бір жылдан асты. Айтуынша, былтыр ақпан айында Қытайдағы үйін сатуға кеткен күйеуі сол кеткеннен мол кеткен. Қазақстанға қоныс аударған отбасына оралмақ болған ер адамның төлқұжатын Қытай билігі шекарада алып қойған. Бір емес, екі рет. 

Монғолия - Sputnik Қазақстан
Саясат
Елші Қытайдың Моңғолиядағы қазақтарға қарым-қатынасы қандай екенін айтты

"Соңғы рет наурыз айының соңында хабарласты. Біз телефон соға алмаймыз, бір айда бір рет қоңырау шалып, амандығын білдіріп тұрады. Онда да қысқа, аз сөйлейді. Өйткені қолындағы телефоны тыңдаулы. Артық еш нәрсе айта алмайды", — деп мұңын шақты әйел. 

Қырық жылдай ғұмырын Іле облысы Құлжа қаласына қарасты ауылда өткізген Күлпаш Кәдірбекқызы үлкен қызы Саягүлмен Астанаға 2014 жылдың жазында көшіп келген. Ал 1971 жылғы жұбайы мен екінші кенже қызы Қытайдағы үйі сатылмаған соң, сонда қалыпты. Бірақ отбасы үшін екіге бөлініп, бір-бірінен жырақта өмір сүру қиынға тисе керек. Екі жылдан кейін, яғни 2016 жылдың желтоқсанында әкесі мен қызы атажұрты Қазақстанға көшіп келеді. 

"Екі жыл ішінде олар да шыдамай кетті. Кіші қызым жиі ауырып қала берді, оған барайын десем, Саягүл жалғыз өзі қалып қояды үйде. Әрі ойланып, бері ойланып, Алматыда тұратын сіңлімді қасыма көшіріп әкелдім. Бір-бірімізге демеу болайық деп. Жолдасым екі-үш айдан кейін үйді сату үшін Қытайға қайта кетті. Содан бері бір жылдың жүзі болды, бала-шағасына орала алмай қаңғып жүр. Шекарадан өтпек болғанда, полиция паспортын алып қойған. Сөйтіп осында тұратын інім шақыру хат жолдағаннан кейін, төлқұжатын қайтарып алды. Екінші рет өтпек болғанда, шекарашылар шекарадан шығуға рұқсат қағаз сұратқан. Полиция учаскесіне барып, рұқсат қағазды талап еткенде, ондағылар "сен төлқұжатты қашан алып жүрсің" деп бас салып, қайтадан тәркілеген. Не жөнді себебін түсіндірмейді. Содан бері жолдасым үй-күйсіз, бірде туысқанның, енді бірде таныстың үйіне түнеп, тамақ ішіп күнін көріп жүр", — деп қапаланды жары. 

© Sputnik / Нұргүл АбайНұрболат Сарыайт пен Күлпаш Кәдірбекқызы
Нұрболат Сарыайт пен Күлпаш Кәдірбекқызы - Sputnik Қазақстан
Нұрболат Сарыайт пен Күлпаш Кәдірбекқызы

Күлпаш Кәдірбекқызы үш-төрт жылдай Қазақстанда тұрғанымен, әлі азаматтық алып үлгермепті. Жұбайы мен кіші қызы да Қытай азаматы екен. Тек үлкен қыздары Саягүл ғана 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған. 

"Қызымды азаматтыққа өткізетін мезгілде, 2016 жылы мен оралман куәлігін алдым. Бұл куәлік тек бір жылға жарамды, сөйтіп былтыр оның мерзімі өтіп кетті. Бір жылдық екенін білгенмін, құзырлы органдар ескерткен. Бірақ жұбайым келіп қалатын шығар, екеуміз бірге тапсырармыз деп күттім. Жағдай осылай боларын кім білген! Себепсізден себепсіз полиция күйеуімді қыспаққа алды. Полиция алып кетіп бара жатыр дегенде зәре-құтым қалмай, не істеп не қойғанымды өзім білмеймін. Түрмеге қамап тастамас па екен, шықпай қала ма деп қатты уайымдаймын. Тергеуден босағанша, жаным қалмайды. Шыққан кезде маған телефон соғып, амандығын айтады. Еркін сөйлесе алмаймыз, жұмбақтап түсінісеміз. Азаматтық алайын десем, жұбайымды ойлаймын. Қытай полицейлері мұны біліп, одан сайын қинап жібермей ме екен деп алаңдаймын",- дейді қамыққан әйел. 

"50 мың теңгемен күнелтіп отырмыз"

Қытай билігі тіпті Қазақстандағы азаматқа аударылатын ақша сомасын да шектеп тастаған. Қазір жұбайы әйелінің шотына тек 50 мың теңге аударып тұра алады. Оның өзі айына бір рет қана. Жолдасы аударған ақша жатақхананың ақысынан қалмайды екен.

түрме, архив суреті - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Адвокат Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытай түрмесіндегі жағдайы туралы айтты

"Біз Қытайдағы ауылымызды қазақшалап айтқанда "сауын сиыр фермасы" деп атаймыз. Сондағы бір қабатты жер үйімізді әрең дегенде жас жұбайларға арзан бағаға саттық. Теңгеге шаққанда 5 миллион теңгеге өткіздік. Оның жарты ақшасын алдық, қалғанын әлі төлеген жоқ. Сол ақшамен күн көріп отырмыз былайша айтқанда. Жұбайым айына 50 мың теңге салып тұрады. Мына бір бөлмеге 40 мың төлейміз, жетпегенін туған-туысқандардан сұрап, қарыз алып жүрміз. Мен өзім ауырамын, қан қысымым бар, жұмыс істемеймін. Жолдасым да қазір Қытайда жұмыссыз, басында баспанасы жоқ. Әркімнің көңіліне бір қарап жүргені. Былтыр күзде қатты уайымдағаннан аурухана төсегінен бір-ақ шықты. Ішінен қан өтіп, асқазаны қабынған, бірде аш, бірде тоқ жүреді. Жеті күндей жатып шықты, оның өзіне қаншама ақша төледі. Қытайда уақытша кіріп, істей тұратын жұмыс та жоқ, кем дегенде 15 күн, кейде үш ай тегін сынақтан өтесің", — деп мұңын шақты әйел. 

Күлпаш апай Қазақстанға қоныс аудару себебін былай түсіндірді. 

"2000-жылдарда біздің жақта Қытайдың саясатымен аз ұлт мектептері жабыла бастады. Сөйтіп менің қыздарым балабақшадан бастап қытай тілінде білім алды. Үлкен қызым таңғы сағат алтыда мектепке кеткеннен кешкі жетілерде бір-ақ келеді. Сабақтың бәрі қытай тілінде. Үй тапсырмасын үйіп-төгіп береді. Үйге келгеннен кейін тамағын ішіп, кітаптан бас алмайды. Бізбен сөйлесетін уақыты болмады тіпті. Содан не керек, қазақ тілін ұмытуға шақ қалды. Бірақ мектепте сабақ үлгерімі жақсы болатын, 6-сыныпта Бейжің-Шанхайдың орта мектебіне сынақ тапсырып, өтіп кетті. Алайда ата-енем "ертең қытай болып кетеді" деп жібермеді. Мен де қарсы болдым. Сөйтіп 8-сыныпты бітіргеннен кейін Астанаға алып келдім. Бірден қазақ мектебіне 8-сыныпқа қайта бердім. Бас кезінде қазақша түк түсінбей, жылап жүрді. Қазір жақсы, үйреніп алды. Қыз бала болған соң, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын қалаймын. Ертең қытайға тиіп кетсе, ол оның күнәсі емес, өзі өмір сүрген ортаның әсерінен болады ғой, ана ретінде мен араша бола алмасам. Соның бәрін ой елегінен өткізіп, Қазақстанға қоныс аудардық", — дейді қамкөңіл ана. 

Қазір оның екі қызы да елордадағы мектепте білім алады. Саягүл Ж.Жабаев атындағы №4 орта мектептің 11-сыныбында, сіңлісі 7-сыныпта оқиды. "ЭКСПО" көрмесі кезінде Саягүл Шанхай ынтымақтастық ұйымында істеген екен, ағылшын тілін жетік біледі дейді анасы. 

"Қытай билігі кері шақыртып жатыр"

Күлпаш Кәдірбекқызының өзі отбасында бес ағайынды, ол үйдің үлкені екен. 

"Менен кейін үш ұл, бір қыз бар. Бір бауырым Қытайда әкеммен тұрады. Қалғандары Қазақстанға баяғыда-ақ келіп алған. Әкем ұзақ жылдар мұғалім болып істеді, партия мүшесі, қазір зейнеткер. Анам 2000 жылы 46 жасында қайтыс болды. Кейінірек әкем екінші рет үйленді", — деген ол Қытайдағы жақындарынан бір жылдан бері хабар ала алмай отырғанын ашық айтты. 

Шекара қызметінің маманы паспортқа мөр басып жатыр. Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Төрт қытай төлқұжатты заңсыз алғаны анықталды

"Әкеммен де, ініммен де хабарласпағалы бір жыл болды. Вичатты (Қытайдың әлеуметтік желісі – автор ескерт.) өшіріп тастады. Оларға билік тарапынан қысым бар ма, жоқ па білмеймін. Елден де естігенім жоқ. Әкем басқа көршілес ауылда тұрады. Ал жолдасыма туған ауылынан ешқайда аяқ бастырмайды. Дәретханаға ғана барып келу еркіндігі бар былайша айтқанда… Бұрын біз сол жақта тұрған кезде полицейлер ұйғырларды ұстап әкетіп жататын. "Туысы шетелге шығып кетіпті", "артық бала туып қойыпты" немесе "екі баласының арасы жиі болып қалыпты" деп қырық сылтаумен ұстайды. Сол ұйғырларды тырнақ астынан кір іздеп, шетінен әкетіп жатқан кезде біз "осы күн біздің де басымызға туады-ау" деп ойламаппыз ғой. Ол жердегі қазақтар ойланған жоқ. Енді міне олардың көрген күні бізге де келіп жетті. Намаз оқығандарды, үйінен Құран кітабы табылып жатқандарды ұстап жатыр екен. Былтырдан бері солай дейді. Оған дейін мұндай сұмдықты естімеген едім", — деп қынжылды әйел. 

© Sputnik / Нұргүл АбайНұрболат Сарыайт пен Күлпаш Кәдірбекқызының екі қызы
Нұрболат Сарыайт пен Күлпаш Кәдірбекқызының екі қызы   - Sputnik Қазақстан
Нұрболат Сарыайт пен Күлпаш Кәдірбекқызының екі қызы

Айтуынша, жергілікті әкім жолдасының Қазақстанға кеткісі келетінін біледі. Алайда, әдейі жібермей қысымда ұстап отыр. 

"Бізді кері шақырып жатыр. 2016 жылы шақырды, былтыр жазда тағы шақырды. Қытайдағы тіркеуден өздері келіп шықсын деп жатыр. Ондағы ойлары – бізді барған кезде ұстап алу. Жуырда Саягүлдің жеке куәлігін жолдап жіберіңдер деді. Суретке түсіріп жібердік. Оны не істейтінін білмейміз, жібермеуге тағы қорықтық. Жолдасым солардың қолында", — дейді шарасыз күйге түскен Күлпаш Кәдірбекқызы.  

Жұбайын ойлап сары уайымға салынған әйел Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне барып, арыз жазыпты. 

"Екі қыз қабылдап алды арызды. 28 наурыз күні жаздық, дүйсенбі хабарласыңдар деді. 2 сәуір телефон соғып едік, 15 күн ішінде қаралады деп айтты. Қытай елшілігіне де бас сұғып, арызымызды қалдырдық. Олар Бейжіңге жібереміз, қанша күнде қаралатыны белгісіз деп шығарып салды. Бар үмітіміз сол енді", — деген ол Алладан жолдасының аман-есен келуін тілеп отырғанын айтты.


Жаңалықтар
0