АСТАНА, 4 сәуір — Sputnik. Үкімет мемлекеттік тілді қолдану саласын кеңейту туралы заң жобасын әзірлемейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елбасының "Парламент пен үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс" деген тапсырмасынан кейін мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары үкіметке "Мемлекеттік тілді қолдану саласын кеңейту туралы" заң жобасын дайындауды ұсынған еді.
"Бұл — Тәуелсіздігі ширек ғасырдан асқан Қазақ Елі үшін өте орынды және дер кезінде берген тапсырма. Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы «Ақ жол» партиясының тұңғыш парламенттік фракциясы құрылғаннан кейін, біздің ең алғашқы дайындағанымыз да дәл осы «Мемлекеттік тілді қолдану саласын кеңейту туралы» заң жобасы еді. Бірақ біз оны ұсынған кезде, үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы жобаны қолдаудан бас тартып, іске асыруға жол бермеді. Мүмкін, үкімет ол кезде осындай әрекет әлі ерте деп санаған шығар. Ал бүгінде Елбасымыздың өзі осындай бастамаға ұйытқы болғандықтан, бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды", — деген еді ақжолдықтар мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде.
Депутаттардың айтуынша, қазіргі кезде қоғам да пісіп жетіліп, уақыт та келді. Бірақ үкіметтің ойы басқаша. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың депутаттарға берген жауабында атап өтілгендей, қазіргі уақыттағы қолданыстағы нормативтiк актілер кeшeнi мeмлeкeттiк тiлдiң мәртeбeсiн арттыруға жеткілікті.
"Мемлекеттік тіл мәртебесі Қазақстан Республикасының Конституциясында және "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі заңда айқындалған. Заңның 4-бабына сәйкес мeмлeкeттiк тіл елдің бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мeмлeкeттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі. Сонымен катар, президенттің 2011 жылғы 29 маусымдағы жарлығымен бeкiтiлгeн тiлдeрдi дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мeмлeкeттiк тiлдiң кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған қоса, "Қазақ тілі әлiпбиiн кириллицадан латын графикасына көшiру туралы" 2017 жылгы 26 қазандағы президенттің жарлығына сәйкес, бүгiнгi таңда eлiмiздe eлeулi тілдік реформа басталғаны өздeрiңізгe мәлiм. Қазақ тілі әлiпбиiн 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кeзeңiмeн көшiру жөнiндeгi iс-шаралар жоспары мeмлeкeттiк тілдің қоғамдағы қолданыс аясын жаңа сатыға көтeрeтiн болады", — деп жазылған үкімет басшысының жауабында.