АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Ұлттық бірыңғай тестілеудің ағылшын тіліндегі сұрақтары дайын. Ағылшынша сұрақтар қазақ және орыс тілдеріндегі тапсырмалардан ерекшеленбейді. Бұл туралы бүгін білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министр әзірге республика бойынша қанша түлек ағылшын тілінде ҰБТ тапсыратыны белгісіз екенін мәлім етті.
"Сіздер білесіздер, ережеге сәйкес бізде база 10 наурыздан бастап ашылады. Мамыр айының ортасына дейін түлектер ҰБТ-ға қатысу туралы өтініш бере алады. База енді ашылғандықтан қанша бала ағылшын тілінде тапсыратынын айта алмаймыз. Оқушылар саны мамыр айында белгілі болады", — деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, ағылшын тілін 2000-шы, 2007-шы жылдардан бері білім беруді ағылшын тілінде жүргізіп жүрген мектептердің түлектері таңдауы мүмкін.
"Ағылшын тілінде сұрақтар базасын дайындап қойдық. Министрлік те, ұлттық тестілеу орталығы да ҰБТ-ны жоғары деңгейде өткізуге дайын. Ағылшын тіліндегі барлық сұрақ мемлекеттік стандарттың оқу бағдарламасы аясында. Сұрақтар қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде болсын, мазмұны бойынша бір-бірінен ерекшеленбейді", — деді вице-министр.