АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген "Әміре" фильмінің тұсауы кесілді. Кинокартинаны Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ Әлидар Өтемұратовтың "Dar Play" компаниясымен бірлесіп түсірген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Фильм Еуропа жұртшылығына қазақтың қара домбырасы мен дәстүрлі ән орындау өнерін таныстырған біртуар әнші Әміре Қашаубаевтың қысқа да жарқын ғұмырын баяндайды. Кинотуындыда Әміренің 1925 жылы Парижде өткен "ЭКСПО" көрмесіндегі қайталанбас жеңісі суреттелген.
"Екі жылдан астам уақыт бұрын біз тарихты жандандырып, өскелең ұрпақты Әміредей зор дауыс иесімен қауыштыруға бел будық. Сіздер білесіздер, Әміре Қашаубаевтың тағдыры қиын, өмір жолы ауыр болды. Алайда соған қарамастан ол қазақтың қара домбырасы мен орындаушылық өнерін әлемге паш еткен алғашқы адам. Жоба күрделі, ауыр болды. Десек те үлкен жұмыс атқарылды. Фильм барлығының көңілінен шықты деген ойдамын", — деді картинаның бас продюсері Әлидар Өтемұратов баспасөз мәслихатында.
Фильмнің қоюшы режиссері Джеффри Веспаның айтуынша, Қазақстанда фильм түсіру үш ұйықтаса түсіне кірмеген.
"Ең алғаш осы картинаны түсіру туралы ұсыныс түскенде, маған қандай жауапкершілік артылып отырғанын түсіндім. Бұл мен үшін зор құрмет болды. Түсірілімге кіріспей тұрып, Қазақстанға ұшып келдім. Жұмыс тобымен танысып, Әміренің бейітіне барып Құран оқыттық. Әміренің өмірі туралы мәлімет жоқтың қасы деуге болады. Алайда осы кісі туралы бірнеше кітап жазған Жарқын Шәкәрімнің еңбектерінің арқасында Әміренің тарихына қаныққандай болдық", — дейді режиссер.
Фильмде Әміренің рөлін белгілі актер Санжар Мадиев сомдады. Ол төрткүл дүниені қазақ өнерімен таныстырған ұлы тұлғаның рөлін сомдау оңайға соқпағанын айтты.
"Әміре" фильмі менің бүгінге дейінгі жобаларымның ішіндегі ең ауыры болды деп айта аламын. Себебі қазір қоғам тарапынан қандай қысым болатынын іштей сезіп отырмын. Өйткені бізде екі адамның бірі тарихшы. Біз түсірген тарих оның дүниетанымымен үндесе ме, үндеспей ме ол жағы тағы бар. Екінші проблема – Әміре туралы ақпараттың жоқтығы. Мысалы мектеп оқулықтарын алсақ, онда Әміре туралы екі-ақ жол жазылған. Нақты дерек, түп-негіз болмаған соң, ойдан құрастырып, қиялға ерік беруге тура келеді. Бірақ Жарқын Шәкәрім, Сатыбалды Нарымбетовтің арқасында біз Әміренің образын барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Тарихи дереккөздерге сүйенсек, Әміре өте ұяң, сезімтал кісі болған. Барлығын жүрегіне тым жақын қабылдаған. Фильмде мен осындай адамды көрсетуге тырыстым", — деді Мадиев.
Бас продюсер Өтемұратовтың айтуынша, түсірілім алдында Әміренің рөлін сомдау үшін Санжар Мадиев 3-4 ай дайындалыпты. Жас актер ән айтумен қатар домбыра тартуды үйренген.
Ал кинокартинаны түсіруге бірнеше елден 400-ден астам адам қатысқан.
"Түсірілім тобын таза америкалық емес, халықаралық деген дұрыс болар. Картинаны түсіру кезінде 400-ден аса адам жұмыс істеді. Негізінен Америка, Ұлыбритания, Латвия, Ресей және Қазақстанның мамандары. Халықаралық прокатқа қатысты айтар болсам, қазір біз бірнеше нарықпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соңғы кездері бәрінен де Қытай нарығы тартымды болып тұр ғой, сондықтан дистрибьюторлармен жұмыс жүргіземіз. Бәрі ойдағыдай болады деген үміттемін", — деді Өтемұратов.
Кинотуындыда Әміренің Парижде Мұстафа Шоқаймен таныстығы да суреттеледі. Белгілі саяси қайраткердің рөлін Еркебұлан Дайыров сомдады. Сонымен қатар фильмде Эбби Корниш, Бен Олдридж секілді шетел әртістері де ойнады. Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ, соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дударай", "Бес қарагер" әндері орындалады.
Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильм жалпыұлттық прокатқа 5 сәуірден бастап шығады.