АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Бішкектегі "Ала-Тоо" мейрамханасында тамақтан уланғандар саны 151 адамға жетті, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бішкек аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығының директоры Артур Буюкляновтың мәліметінше, "Ала-Тоо" мейрамханасында өткен үйлену тойынан кейін республикалық жұқпалы аурулар ауруханасына астан улану белгісімен 139 адам жүгінген. Оның 89-і ауруханаға жатқызылды, арасында 19 бала бар. 50 адамға амбулаторлық көмек көрсетіліп жатыр, олардың 10 – балалар.
Ыстықкөл облысының денсаулық сақтау үйлестірушісі Есенбек Сатылқановтың айтуынша, Шолпан-Ата ауруханасына 12 адам улану белгісімен түскен. Олардың барлығы ел астанасында өткен үйлену тойынан келіпті. 1 сәуір, жексенбі күні зардап шеккен 10 адам ауруханаға жатқызылды, біреуіне амбулаторлық көмек көрсетілді.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығының қызметкерлері мейрамханада жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, тағамдардың сынамасын алды. Зертхана зерттеулерінің нәтижесі үш күн ішінде белгілі болады. Алдын ала мәліметке сүйенсек, "ең күдік туғызған тағам" клярдағы тауық еті болған.