АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобландин осы жылы Астана – Ұлан-Батыр арасында тікелей әуе рейсі ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Екі ел арасындағы күрделі проблемалардың бірі – көлік-логистика байланысы. Яғни тікелей әуе рейстерін ашу қажет. Қазір Астана – Ұлан-Батыр арасында әуе рейсін ашу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Аманшылық болса, 2018 жылы екі ел арасында тікелей әуе байланысы ашылады деп күтіп отырмыз", — деді Қобландин.
Сонымен қатар, ол "Өскемен – Баян-Өлгей – Ховд" бағытында аймақтық әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.
"Жақын арада бұл мәселе де шешімін табады деген ойдамын", — деді ол.
Айта кетсек, қазіргі таңда екі ел арасында Ресей аумағы арқылы өтетін автокөлік жолдары желісі бар. "Астана – Өлгей", "Алматы – Өлгей" бағытында автобустар қатынайды. Бұған қоса, Ресей аумағында 300 шақырымды құрайтын қысқа бағыт "Өскемен – Риддер – Ташанта (РФ-Моңғолия шекарасы)" бар. Бұл бағыт бойынша қазақстандық тарап "Риддер – РФ шекарасы" бағыты бойынша жол құрылысын аяқтаған. Алайда Ресей аумағы арқылы Моңғолияға жалғасатын жол құрылысы әлі салынбапты. Қазір Ресей арқылы өтетін қысқа бағыттық жол салу мәселесі қарастырылып жатыр.