Әлем

Моңғолияда 66,2 млн мал басына жайылым жетпей жатыр

© SputnikМал
Мал - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі таңда Моңғолияда 66,2 миллион мал басы бар

АСТАНА, 30 наурыз – Sputnik. 3,2 миллион халқы бар Моңғолияда 66,2 миллион мал басы бар. Төрт түліктің жылдан-жылға көбеюінен елде жайылым жерлер жетіспеуде, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Моңғолияның басты бір ерекшелігі –  3,2 миллион халыққа 66,2 миллион мал басы бар. Яғни осынша үлкен аумақта мал басы жылдан-жылға көбеюде. Биылғы көктемде 70 миллионнан асып кететіні белгілі болып отыр. Сондықтан Моңғолияның негізгі проблемасы – ет өнімдерін шет елге экспортқа шығару. Бірақ мал тұқымын асылдандыру, санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкестігі бойынша бұл мемлекет үлкен жұмыстар атқаруы тиіс", — деді Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобландин СІМ-де өткен брифингте. 

Оның айтуынша, төрт түліктің дені – қой мен ешкі. 

"Соңғы жылдары Моңғолияда жайылым жетіспеу мәселесі туындап отыр. Аумағының үлкендігіне қарамастан, тау-кен өңірлері бар, тиісінше жайылым тапшы. Қазір олар мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр", — деді елші.

Баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сүйенсек, Моңғолияда 017 жылы мал басына жүргізілген санақ бойынша:

  • 3,9 млн жылқы (5,6%)
  • 4,4 млн сиыр, қодас (6,6%)
  • 434,1 мың түйе (0,7%)
  • 30,1 млн қой (45,5%)
  • 27,3 млн ешкі (41,3%) бар.

Халық саны 2018 жылдың наурызындағы мәлімет бойынша 3,2 миллион. Ел астанасы Ұлан-Батыр қаласында 1,5 миллион азамат тұрады. Этникалық құрамы: моңғолдар – 90%, қазақтар – 4% астам, басқа этникалық топтар – 6%.

Жаңалықтар
0