АСТАНА, 25 наурыз – Sputnik. 2019 жылдан бастап еліміздегі, мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізіледі. Жалпы орта білім беретін оқу орындарының оныншы, он бірінші сынып оқушылары "Бизнес және кәсіпкерліктің негіздері" атты пәнді оқымақ, деп хабарлайды 24.kz.
"Бұл пәнде тек қана экономика негіздері ғана емес, менеджмент, маркетинг, бизнес, кәсіпкерлік пәндері терең оқытылады. Қоғамды зерттейтін болсақ, қоғамның тек 5 пайызы ғана кәсіпкерлік қабілеті бар азаматтар. Ал қалған азаматтарға кәсіби ойлау қабілетін дамыту керек", — деп атап өтті мұғалім, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Кәрімова.
Сондықтан негізгі мақсат – жастарды қаршадайынан бизнеске баулып, оларға кәсіпкерлік, экономика негіздері туралы базалық білім беру. "Бизнес және кәсіпкерліктің негіздері" пәні қаладағы нөмірі бірінші мектеп-лицейінде биылдан бастап пилоттық жоба ретінде оқытылып келеді. Оқулық жаңа мазмұнда дайындалған. Мұғалімдер тек теориялық білім беріп қана қоймай, оқушыларды бизнес жоспар құруға да үйретеді.
"Бизнес және кәсіпкерлік негіздері" оқулығы біздің мектепте тексеруден өткізілді. Осы кітап бізге өте ұнады. Өйткені мұнда көптеген мәліметтер бар. Және ол жоғары деңгейде дайындалған. Осы оқулық өте қажетті. Өйткені болашақта экономика саласымен жұмыс істеу үшін ол оқушыларға өте күшті және қажетті негізді береді", — дейді Әзиза Сұлтанова.
Жаңа сабақ негізінен іскерлік ойын және бизнес-тапсырма түрінде өткізіледі. Пәнге деген қызығушылықты арттыру үшін тәжірибелі бизнесмендерді оқу барысына тарту жоспары бар.
Білім және ғылым министрлігінің "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дайындаған бұл жобасы әзірге мектептерде тек қосымша ретінде оқытылады. Бірақ баға аттестацияға енеді. Тағы бір жаңалық. Жаңа пәнді тек мектептерге емес, колледж бен жоғары оқу орындарының бағдарламасына да енгізу жоспарланып отыр.