АСТАНА, 21 наурыз – Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы Абай елді мекенінде болып, ел ағаларымен, ауыл тұрғындарымен кездесті. Басқосуда өңір басшысы Наурыз – татулыққа бастайтын мейрам екенін айта келе, тұрғындарды ынтымақпен бірлесе еңбек етуге шақырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, облыс әкімі кездесу барысында Абай ауылында болған оқиғаға да тоқталды. Бұл мәселемен тиісті құзырлы органдардың айналысып жатқанын айта келе, болшақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін ел ағалары, ауыл билері бірігіп жүйелі түрде жұмыс істеу керек екенін мәлімдеді.
Кездесуде сөз алған ауыл биі М.Ілесбеков ел ішіндегі түрлі мәселелердің дер кезінде шешілуіне ел болып атсалысып, жұмылу қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында облыс басшысы сарыағаштық тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізде тыныштық пен берекенің салтанат құруын тіледі.