АСТАНА, 19 наурыз — Sputnik. Астананың білім басқармасы жеңілдік санатына жататын азаматтар туралы мәліметтер базасын біріктірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Мұның алдын жеңілдік санатындағылар үшін жолдаманы қағаз түрінде беретінбіз, себебі әлеуметтік жәрдем алатын тұлғалар туралы мәліметтермен байланысымыз болмады. Ал қазір жеңілдік санатындағы балалар жолдаманы автоматты түрде алады. Жүйе баланың жеңілдік санатына жататынын өзі тексереді, егер расталса жолдаманы сол мезетте шығарып береді", – деді брифинг барысында Ә.Жанғозин.
Жеңілдік санатындағы жүйе екі түрге бөлінеді. Кезектен тыс (әскери қызметшілердің балалары) және де бірінші кезекте (мүгедек балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, жетім балалар, көпбалалы отбасы мен ерекше күтім қажет балалар).
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап орын бөлудің ашық жүргізілуі үшін балабақшаға жолдама берудің автоматты жүйесі іске қосылған болатын. Бүгінде бұл қызмет www.e.astana.kz электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы қолжетімді етілген. Қазірге дейін 25 мыңнан астам жолдама берілді.