АСТАНА, 16 наурыз — Sputnik. Қоғам белсендісі Аружан Сайын оңтүстікқазақстандық 7 жасар баланың анасымен кездескенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кеше біз анасымен кездестік, ол біздің көзімізше туыстарының бәріне хабарласты. Бірақ олардың телефоны сөндірулі. Кейін баланың әжесінің рахмет айтқан видеосы шықты. Бірақ әйел онда айтылған сөздерге сенбейтінін айтты", — деді Аружан Сайын Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, баланың анасы Астанаға бара жатыр немесе жетіп те қалды. Әйелдің жалғыз талабы – әділ тергеу.
"Баланың анасы отбасының жалғыз асыраушысы. Олар, шын мәнінде, оралмандар. Өкінішке қарай, әжесі жұмысқа орналаса алмаған. Отбасында мүгедек адам бар. Әйел "менің сауатым аз, сегізінші сыныптан жұмыс істеп келе жатырмын, дәретхана, ыдыс-аяқ жудым" деп шындығын айтып отыр. Қазір ол қоғамдық тамақтану бойынша кәсіпті игеріп, жақсы маман болып, ақша тауып жүр", — деп Аружан Сайын баланың анасы туралы айтып берді.
Аружан Сайын әйелдің бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиевамен сөйлескенін-сөйлеспегенін білмейтінін атап өтті.
Ал Зағипа Балиева бүгін Астанада БАҚ өкілдеріне өткізген баспасөз мәслихатында анасымен хабарласқанын айтты.