АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. 2017 жылдың 1 ақпанымен салыстырғанда, Қазақстан халқының саны 240,6 мың адамға өсіп, 18 177,7 мыңды құрады, деп хабарлайды ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
2018 жылдың 1 ақпанындағы деректер бойынша, еліміздегі халық саны 18 177,7 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 10 439,6 мың (57,4%), ауыл халқы – 7 738,1 мың адам (42,6%). 2017 жылғы 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 240,6 мың адамға немесе 1,3%-ға өсті.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2018 жылғы қаңтарда туғандар саны – 33,3 мың адам, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4%-ға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 21,42 нәрестені құрады.
Осы жылдың қаңтарында республика халқының табиғи өсімі 2017 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,5 мың адамға немесе 13,1% көбейіп, 21,5 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,83 адам.
Биыл қаңтар айында Қазақстанда 1 жасқа дейінгі 317 нәресте өлімі тіркелді. 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 7,1%-ға көбейді.
"Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі – перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар, мұның кесірінен биыл қаңтар айында 146 нәресте қайтыс болған. Туа біткен ауытқулардан 64 немесе 20,2%, тыныс органдары ауруларынан – 29 немесе 9,1% және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан – 11 немесе 3,5% нәресте қайтыс болды", — делінген хабарламада.
2018 жылғы қаңтарда сәби өлім-жітімінің коэффициенті 1000 нәрестеге шаққанда 9,53 құраған.
Ал көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сүйенсек, ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 78,1%, ТМД елдеріне кеткендердің үлесі – 86,7%.