АСТАНА, 14 наурыз — Sputnik. Әскери соттың қылмыстық істер бойынша сот коллегиясы екі ұшқыш Радик Әшімов пен Әділбек Искаковтың түрмедегі мерзімін шартты жазамен алмастырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Талдықорғанда түрме алдында ұшқыштарды туған-туыстары мен жақындары қарсы алды. Тергеу абақтысынан бірінші болып Радик Әшімов шыққан.
Әскери қызметкерлер 2016 жылы 26 қазанда Су-27 ұшағын пайдалану бойынша нұсқауды бұзып, салдарынан әскери техника істен шыққан еді.
"Сот үкіміен 2018 жылы 16 қаңтарда әскери қызметкер Қылмыстық кодекстің 464-бабы бойынша айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын", — деп хабарлайды әскери сот баспасөз қызметі.
Бірінші инстанция соты оны әскери ұшу аппараттарын пайдалануға қатысты қызметтен айналысу құқығынан үш жылға айырды.
"Апелляциялық коллегияға берген шағымым қанағаттандырылмады. Бірақ қазір бостандыққа шығып, отбасыммен қауышқаныма қуаныштымын. Бір өкініштісі, енді ұша алмаймын. Аспан менің екінші үйім еді. Бәріңізге көрсеткен қолдауларыңыз үшін рахмет, менің кінәсіз екеніме сенген адамдарға рахмет", — деді Әшімов.
Біраздан соң екінші ұшқыш, майор Әділбек Искаков абақтыдан шықты, бірақ сұхбат беруден бас тартты.
2016 жылы 21 желтоқсанда Талдықорған қаласынан 25 шақырым жерде түнде оқу-жаттығу кезінде қорғаныс министрлігі 21751 әскери бөлімшесінің Су-27 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш Әділбек Искаков парашютпен секіріп үлгерген.
Искаков сот үкімімен ҚР ҚК 464-бабына сәйкес айыпты деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге ұшу және әскери ұшу аппараттарын пайдалануға қатысты қызметпен айналысуына 4 жылға тыйым салынған.