АСТАНА, 14 наурыз — Sputnik. Қазақстан мен Тәжікстан азаматтардың екі ел аумағында тұру тәртібі туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі Ақордадан.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанаға ресми сапармен келіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша тәжікстандықтардың Қазақстан аумағында және қазақстандықтардың Тәжікстан аумағында тұру тәртібі туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Рахмон атап өткендей, мемлекетаралық қарым-қатынас ең алдымен адамдар арасындағы байланысқа негізделеді.
"Осы орайда екі ел аумағында азаматтардың жүріп-тұру тәртібі туралы бекітілген келісімнің маңызын атап өткім келеді. Енді азаматтарымыз қос ел аумағында өзара сапарлар кезінде тіркеусіз 30 күн, тіркеу бойынша 90 күнге дейін тұра алады", — деді Рахмон кездесуді қорытындылай сөйлеген сөзінде.