АСТАНА, 13 наурыз — Sputnik. Мемлекеттік айыптаушы "шыны патшасы" Мұратхан Тоқмәдиді былтырғы жылғы үкімді есепке ала отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ол кезде бизнесмен бопсалаушылық және заңсыз қару сақтағаны үшін сотталған болатын.
Айыпталушы "Тұран Әлем Банкінің" бұрынғы басшысын өлтіргенін тағы бір мәрте мойындап, өкінетінін айтып, қатаң жазаға кеспеуді сұрады.
"Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімі бойынша жаза мерзімімен біріктіріп, жалпы алғанда 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін", — деді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының мүлкін тәркілеуді талап етпеді, өйткені Тоқмәдиге тиесілі жылжымайтын мүлік қылмыстық жолмен келмеген деп санайды.
8 наурызда облыстық ауруханадан қашып кетуін Тоқмәдидің өзі жіберген ағаттығым деп түсіндірді. Сонымен бірге бес баласын да еске алды.
"Құрметті сот төрағасы, мен тағылған айыппен келісемін. 55-бапты ескеруіңізді сұраймын, процестік келісімге келіп, оны толығымен орындадым. Кәмелеттік жасқа толмаған балаларымның барын ескеріп, ең төменгі жаза мерзімінен аз жылға соттауыңызды сұраймын", — деді Тоқмәди соңғы сөзінде.