АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. 5 мамырда өтетін реванштан кейін GGG командасы Қазақстанда жекпе-жек өткізу мәселесіне қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы Головкиннің промоутері Том Леффлер айтты, деп хабарлайды Sports.kz.
Былтыр жазда Геннадий орта салмақта WBO әлем чемпионы Билли Джо Сондерспен Астанада жекпе-жек өткізуді жоспарлаған еді. Алайда кездесу сол күйі ұйымдастырылған жоқ.
"Өткен жылы біз Қазақстанда "ЭКСПО" көрмесі аясында жекпе-жек өткізуге шақ қалдық. Бірақ наурызда Дэнни Джейкобске және қыркүйекте "Канелоға" қарсы өткен жекпе-жек арасында тым аз уақыт болды, дайындық кестесі тығыз еді. Ол кезде біз Билли Джо Сондерспен кездесу ұйымдастыруды жоспарладық. Бұл бір керемет айқас болатын еді. "Канело" барлық тестен өтіп, тексеріс жүргізіліп, мамырдағы жекпе-жек ойдағыдай өтеді деген үміттемін. Осыдан кейін алдағы жоспарларымызды құрамыз. Геннадийді жекпе-жек үшін Қазақстанға әкелсек тамаша болар еді. Кездесуді 40 мың орындық футбол стадионында өткізуге болады. Олар бұған қатты қызығушылық танытып отыр. Оның үстіне "StubHub Center"-ге қарағанда, бұл стадионның шатыры бар (күлді)", — деді Леффлер Periscope-трансляция кезінде.