АСТАНА, 7 наурыз — Sputnik. Шымкентте 11-сынып оқушысынан ақша бопсалаған жасөспірім қамауға алынды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.
"Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 2018 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 194-бабы 2-бөлігінің 1,3-тармақтары негізінде күдікті Т.Н.-ға 2 ай мерзімге "күзетпен ұстау" түрінде бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берілді", — деп жазылған хабарламада.
Соттың мәліметінше, Шымкент қаласы ішкі істер басқармасы Қаратау полиция бөліміне азамат М.Рысбай арызданған, ол өз арызында №83 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Т.Н.-ның сол мектепте 11-сынып оқитын ұлы Б.Ж.-дан 2017 жылдың қазан айы мен 2018 жылдың ақпан айы аралығында бірнеше рет қорқытып, ақша талап еткенін айтып, заңды шара қабылдауды сұраған.
Тергеу амалдары жүргізілуде. Сот қаулысы заң күшіне енбеді.