АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik. Ақмола облысында тас жолда қалған Тәжікстан азаматтарына полиция көмектесті, деп хабарлайды өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Жолаушылар автобусы Екатеринбург — Тараз бағытында келе жатыпты. 6 наурызда Астана — Петропавл жолында Щучинскіге жақын маңда табылған. Қозғалтқышы істен шыққан автобустың ішінде 44 жолаушы болыпты. Бәрі – Тәжікстан азаматтары. Екі жүргізуші – Қазақстан Республикасының азаматтары.
Қазір оқиға орнында құтқару қызметтері, жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатыр. Жолаушыларды эвакуациялап, автобусты жөндеуге сүйреп апару мәселесі шешіледі.