АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Кәсіпқой боксқа ауысқан Данияр Елеусіновтің әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов ұлының шешіміне бас кезінде қарсы болғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Олимпиада ойындарынан кейін кәсіпқой боксқа ауысамын дегенде, бас кезінде қарсы болдым. Алайда бұл оның қалауы. Ол шынымен де әуесқой бокста барлық биікті бағындырды. Қалауы сол болып тұрған соң, кедергі жасағым келген жоқ. Әрине, алда оны үлкен жұмыс күтіп тұр. Қалай дегенмен де, кәсіпқой бокстың өзіндік ережелері, тактикасы бар. Менен бөлек оған америкалық бапкер де көмектеседі. Бірақ әзірге америкалық бапкердің кім болатыны белгісіз", — деді ол.
Айта кетсек, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Boxing Star LLC промоутерлік компаниясымен эксклюзивті келісімшарт бекітті. Отандасымыздың алғашқы жекпе-жегі 28 сәуірге Нью-Йоркте жоспарланған. Даниярдың шаршы рингте кіммен жұдырықтасатыны әзірге белгісіз. Ал екінші кездесу 2 маусымда Лондонда өтпек.