АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik. Қазақстанның алғашқы қазақ тілді спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев өмірден озды, деп хабарлайды Қазақстанның футбол федерациясы.
Спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев 82 жасқа келіп, дүние салды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Алматының Орталық стадионында алғаш рет спорттық шараны қазақ тілінде жүргізген. Оның спорттық репортаждары әлі күнге дейін алтын қорда сақтаулы тұр.
Сұлтанғали Қаратаев қазір қазақ тілінде қолданылып жүрген көптеген спорттық терминді ойлап тапқан. Қазақстанның спорттық журналистикасына қосқан үлесі де зор. Оның авторлығымен спорт тақырыбында талай мақалалар жарық көрді.
Қазақстанның футбол федерациясы Сұлтанғали Қаратаевтың қазасына орай туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.