Қоғам

Бекболат Тілеухан "баласының миын ашытқан" білім министрлігіне шүйлікті

© Пресс-служба партии "Нұр Отан"Бекболат Тілеухан
Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісте бүгін орта білім берудің өзекті мәселелері талқыланды

АСТАНА, 26 ақпан — Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан білім және ғылым министрлігінен оқушылардың жүктемесін азайтуды талап етті.

Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бекболат Тілеухан министрге: ісіңізді жақсы білгеннен кейін сөйлете бергіміз келеді

"Қазақстанда бұдан ауыр жағдайды көріп тұрған жоқпын. Ғалымдардың айтуынша, қабілетті бала әліппені 22-24 күнде үйренеді. Қабілеті жоқ деген бала әрі кеткенде 60 күнде меңгереді. Ал менің 1-сыныпта оқитын балам 26 ақпанда әлі "ю" әрпінде жүр, 7 ай оқып жатыр. Балада еңсесін көтеріп, ойнайтын мүмкіндік жоқ. Таңертең мектепке 8:30-да кетіп үйге 5-те келеді. Не алып жатқан білімі жоқ, не бала болып демала алмайды, не түстен кейін дзюдоға бармайды, не домбырасын тарта алмайды. Бұдан асқан жүктеме, қиыншылықты көріп отырған жоқпыз", — деді Бекболат Тілеухан орта білім берудің өзекті мәселелері талқыланған отырыста. 

Депутат оқушыларға артылған жүктеме ауыр екенін айтты. 

"Балалардың жағдайы өте қиын, жүктеме өте ауыр. Бүкіл назарды басқа жаққа аударып отырсыздар, кері шауып кетіп бара жатырсыздар. Баламыздың миы ашып кетті деп жұрт бізден талап етіп отыр. Бұрындары таңертең 8-де кетіп күндіз 1-де қайтып келетін, малды да жайғап, ойнайтын, бәрін істейтін. Қазір ойнамайды, білім алып жарытпайды. 7 ай кеміріп жатыр, кеміріп жатыр, әлі әліппені толық өткен жоқ", — деді Тілеухан. 

Депутаттың сауалына білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жауап бере отырып, өзінің де баласы жаңартылған бағдарлама бойынша білім алып жатқанын алға тартты. 

День знаний - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Сағадиев: бес күндік оқу аптасын барлық мектепке енгізу қиын болып тұр

"Менің балам 2-сыныпта оқиды. Алдыңғы жылы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша балам әліппені оқыды. Қиын болды, бүгін оқу білмейді деп айта алмаймын", — деген ол  балалардың наурызға дейін әліппені оқып жатқаны типтік бағдарламаға байланысты екенін айтты.

Вице-министрдің бұл жауабына Бекболат Тілеуханның көңілі толмады. 

"Неге менің баламның басын ашытасыздар. Қазақстандық балалардың миын неге ашытып жатырсыздар? Неге 40 күнде үйреніп, қалған уақытта түстен кейін бала неге дзюдосына бармайды, неге домбыра тартпайды, ойнамайды? Неге әке-шешесінің бауырында болмайды? Таңертеңнен кешке дейін менің балам мектепте. Өз баламды көруге мүмкіндігім жоқ, бала ретінде әке-шешесінің жылуын көруге мүмкіндігі жоқ. Ендеше типтік бағдарламаңыз қате. Типтік бағдарлама өзгермейтін қасиетті кітап емес. Сондықтан оны өзгертейік", — деді депутат.

"Осы мәселеге министрдің өзі келсін. Парламенттің қабырғасында талқылайық. Талқылауға тәжірибе жүзінде жұмыс істеп жүрген мұғалімдерді, яғни білімнің қамын ойлаған педагогтарды шақырайын", – деп түйіндеді сөзін Тілеухан.


Жаңалықтар
0