АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Астанада "Керуен" маңында үш қызды көлігімен қағып кеткен ер адам сотталды.
Сот үкімімен жүргізуші Болат Молдағалиев ҚР ҚК 345-бабы 2-тармағы (Көлiк басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлiкті пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша кінәлі деп танылды.
"ҚР ҚК 345-бабы 2-тармағы бойынша көлік жүргізу құқығынан үш жылға айыра отырып, тоғыз айға бас бостандығынан айыру, 347-бап бойынша көлік жүргізу құқығынан үш жылға айыра отырып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін", — деді №2 Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев.
58-баптың 2-тармағына сәйкес сотталушыға түпкілікті жаза бір жылға бас бостандығынан айыру түрінде белгіленді. Сот Молдағалиевті көлік айдау құқығынан үш жылға айырды.
Естеріңізге салып өтсек, 2017 жылдың 12 қарашасында "Керуен" СОСО аумағындағы көлік тұрағында Infinity жүргізушісі Болат Молдағалиев жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Салдарынан үш қыз зардап шеккен болатын. Екеуі жеңіл-желпі жарақат алғанымен, 24 жастағы Әсел Рымханова ауыр хәлде ауруханаға жеткізіліп, бір аптадан соң ғана есін жиған.
Жүргізуші Болат Молдағалиев кінәсін жартылай ғана мойындады. Апат кезінде ұстамасы ұстап қалғанын алға тартты. Оқиғаның мән-жайы ер адамның есінде жоқ, бірақ апат орнын тастап кеткен жоқпын дейді. Алайда тәуелсіз сот-психиатриялық сараптама нәтижесі жүргізушінің жол апаты кезінде ұстамасы ұстап қалғанын жоққа шығарды. Бұл тұжырымдамамен сотталушының адвокаты келіспей, сарапшының біліктілігіне күмән келтірді.