АСТАНА, 23 ақпан — Sputnik. Қарағандыда балалар киімдерінен улы зат табылды. Күртелер, жейделер мен белдемшелер, тіпті, жаңа туған нәрестелерге арналған ит көйлектерден де қауіпті газ – формальдегид анықталған. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды astanatv.kz.
Санитарлардың айтуынша, улы зат тыныс алу жолдары мен жүйке жүйесін зақымдайды. Көз, тері ауруларына шалдықтырады. Сондықтан мамандар ата-аналарға иісі өткір киімдерді сатып алмауға кеңес береді. Өйткені қырғызстандық киім саудасына тосқауыл қою мүмкін болмай отыр.
2017 жылы тексерулер нәтижесінде 40-қа жуық кәсіпкерге ескерту жасалып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Алайда, жоспардан тыс тексеруге ілікпеген сауда нүктелері жетерлік. Мамандар саудагерлер киімдер туралы ақпараттарға, өндірілген орны мен мата құрамына мән бермейтінін айтады. Көпшілігінде сапа сертификаты да жоқ болып шыққан.