АСТАНА, 21 ақпан — Sputnik. Сеулге аттанған ұшақта төрт жастағы қазақстандық көз жұмды. Бұл туралы сәбидің анасы әлеуметтік желіде жазған.
"Бүгін таңертең 5.00 кезінде санавиация ұшағымен Сеулге аттандық. Ұшақта Оразәлінің хәлі жақсы болатын, алайда қонуға жиырма минут қалғанда кішкентай балапанымыздың жүрегі тоқтап қалды. Реаниматологтарымыз қолдан келгеннің бәрін жасады, бірақ Оразәліміздің жүрегі қайта соққан жоқ. 9.40-та балапанымыз шетінеп кетті… Қазір үйге қайтып барамыз… Кішкентай періштем, сені қатты жақсы көремін….", — деп жазады баланы анасы.
Оразәлі Үтжанов апластикалық анемия мен Пирсон синдромына шалдыққан еді. Баланың бүйрек қызметі де нашарлап кеткен екен.
Қайырымды жандар сәбиді Оңтүстік Кореядағы емханаға жіберу үшін қаражат жинап беріпті. Ол 2018 жылдың қаңтарынан бері Павлодарда жансақтау бөлімінде жатып, беті енді бері қараған болатын.