Өңірлер

Министр су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атады

© Sputnik / Максим Приводин / Медиабанкке өтуСу тасқыны
Су тасқыны - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Өңірлер көктемгі су тасқынына толық дайын деп айту қиын, дейді Қасымов

АСТАНА, 20 ақпан — Sputnik. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өңірлердің биылғы су тасқынына дайындығы туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Белгілі бір жұмыс жүргізіліп жатыр, бірақ өңірлер көктемгі су тасқынына толық дайын деп айту қиын. Шешілмеген бірқатар мәселе бар. Тасқын суларды қабылдау мен апатсыз өткізуге барлық су қоймасы дайын емес. Мәселен, Су кодексіне сәйкес, су шаруашылығы ұйымдары елді мекендерді, өнеркәсіп нысандары мен ауыл шаруашылығы жерлерін судың зиянды әсерінен қорғау бойынша алдын ала шараларын жоспарлап, жүргізуі керек. Алайда жергілікті жерлерде бұл іске асып жатқан жоқ", — деді министр. 

Қасымов алдын алу шаралары ұйымдастырылмаған бірқатар өңірді атады.

Бақытжан Сағынтаев - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Сағынтаев: былтыр әкімдер бейқам жүрді де, кінәні Қазгидрометке арта салды

"Ақтөбе облысының гидротехникалық құрылыстарында тасқын судың зиянды әсерінің алдын алу бойынша жоспар әзірленбеген. Ақмола облысында тек республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық құрылыста алдын алу шаралары жоспарланып отыр. 68 коммуналдық және жекменшік нысанда мұндай жоспар атымен жоқ. Солтүстік Қазақстанда да осыған ұқсас жағдай. Коммуналдық меншіктегі барлығы 17 гидротехникалық құрылыста қорғаныс шаралары ұйымдастырылмаған.  Қарағанды облысында қазірдің өзінде Самарқан және Ынтымақ су қоймасында жиналған су көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен асып отыр. Қар күрт еріп, су қарқыны күшейетін болса,  ағыстан төмен орналасқан 44 елді мекенді су басу қаупі бар", — деді ведомство басшысы. 

Сондай-ақ, министр елді мекендерді даладан келетін еріген қар суынан қорғау жайына тоқталды. Айтуынша, соңғы үш жылда 57 елді мекен еріген қар суынан зардап шеккен. Қазіргі таңда Ақмола, Алматы, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында 160 елді мекенді еріген қар суы басуы мүмкін.

"Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар ТЖК бөлімшелерімен бірлесі, ең қауіпті бағыттарды айқындап, бөгет пен айналма каналдар жасау   шараларын қабылдауы керек", — деді ол. 

Бұған қоса, Қасымов жергілікті атқарушы органдардың су тасқынына қарсы шараларды қаржыландыруды ұйымдастыруын қайта қарау қажеттігін атап өтті. 

"Ақмола, Ақтөбе және СҚО-ның жергілікті бюджетінен төтенше жағдайдың алдын алуға биыл тек 174 миллион теңге бөлінді. Ал былтыр аталған өңірлерде тасқын салдарын жоюға республикалық бюджеттен  5,5 млрд теңге қарастырылған еді. Бұған қоса, су тасқыны қаупі бар Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында төтенше резерв пен шұғыл шығындар резеврінде орташа республикалық көрсеткіштен 4 есе аз қаражат қарастырылған", — деді министр.  

Сонымен қатар, оның айтуынша, Атбасардың осы жылғы тасқынға дайындығы тексерілді. 

"Жергілікті атқарушы органдар жағалауды бекіту және ішінара түпті тереңдету жұмыстарын жүргізді. Алайда бұл Жабай өзені арнасының су өткізу мүмкіндігін сәл ғана ұлғайтады. Осыған байланысты Ақмола облысының әкімдігі Атбасардың су басу қаупі бар аймағында орналасқан тұрғын үйлер мен нысандарын қорғау бойынша шаралар кешенін қабылдауы керек", — деп түйіндеді Қасымов.

Жаңалықтар
0