АСТАНА, 18 ақпан – Sputnik. Британиялық боксшылар кіші Крис Юбэнк (26-2, 20 КО) пен Джордж Гроувз (28-3, 20 КО) Манчестерде (Ұлыбритания) Дүниежүзілік бокс супер сериясының жартылай финалында кездесті, деп жазды Sports.kz.
Жекпе-жек төрешілердің шешімімен Гроувздың жеңісімен аяқталды: 117-112, 116-112, 115-113. Осылайша, екінші орта салмақтағы WBA (Super) және IBO белбеуін Джордж иеленді. Финалда ол Каллум Смит (23-0, 17 КО) — Юрген Бремер (49-3, 35 КО) жекпе-жегінің жеңімпазымен кездеседі.
Естеріңізге сала кетейік, Юбэнк орта салмақтағы WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинді (37-0-1, 33 КО) бірнеше рет жекпе-жекке шақырған еді. Тіпті 2016 жылдың соңында келіссөздер басталған болатын, бірақ тараптар келісімге келе алмады.