АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik. Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты жақында тергеу изоляторында қорғалушысының жанжалдасып қалғанын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жаңа ғана маған айтты, түрмеде отырған бір тұлғамен сәрсенбі күні жанжалдасып қалыпты. Өйткені оны арандатып, саясатқа қатысты, жоғары лауазымды тұлғаларды ашық айыптайтын оқиғалар туралы көзқарасын айтқызуға тырысады. Ол бұдан бас тартса, мәселені солардың тілінде "жігітше" шешпек болады, тағы сол сияқты жайттар кезігіп жатады. Тіпті ақыры екеуара жанжалға ұласады", — деді адвокат Сәлімжан Мусин тілшілерге.
Оның айтуынша, бұл оқиғаға тергеу изоляторы қызметкерлерінің қатысы жоқ.
"Бірақ кейбір қызметтер осыған қозғау салып отырғанын білемін, осы істі тергеген прокурорлар мен жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұған мүдделі деген күдігім бар. Іс аяқталып қалды. Меніңше, қорғалушымның кінәсіз екенін толығымен дәлелдедік, бұл айыптау тарабын алаңдатып отырған сыңайлы", — деді адвокат.
Бұрынғы министрдің екінші адвокаты Мәди Мырзағараев те әріптесінің айтқанын растады. Сот арандату жайттарына қатысты тексеру жүргізуі мүмкін екен.
Сот отырысына келер болсақ, адвокаттың айтуынша, екі сотталушының қорғаушылары отырысқа келмей, 19 ақпанға шегеріліпті.