АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Пхенчхандағы қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында шорт-трекші Абзал Әжғалиев Қазақстанның туын "Алтын адам" бейнесінде алып жүрді.
Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағандай, ту ұстаушының костюмін жас қазақстандық дизайнерлер тіккен. Ол "аң" стилінде ою-өрнекпен безендірілген.
Айта кетейік, Қазақстандық үш могулшы Пхенчханда өтіп жатқан 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының финалына шықты.
Юлия Галышева бірінші мүмкіндігінен-ақ 76.36 ұпай жинап (7-орын), финалға жолдама алды. Өкінішке қарай, ақтық сынға Аяулым Амренова өте алмады — 52.78 ұпай (26-орын).
Ерлер арасындағы сайыста Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков та келесі кезеңгі өтті. Дмитрий 81.23 ұпай (3-орын) жинаса, Павелдің көрсеткіші – 79.98 ұпай (7-орын).
Қазақстандық спортшылар тоғыз спорт түрінен 57 олимпиадалық лицензия алды.