АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке мемлекеттік қарызды азайтуды ойластыруды тапсырды. Бұл туралы президент үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Отырыста қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру барысын баяндады. Өткен жылы 289 объектінің 190-ы 108 миллиард теңгеге сатылған.
"Қаржыны бюджетке ме, әлде Ұлттық қорға жіберіп жатырсыздар ма?", — деп сұрады Назарбаев.
"Ұлттық қорға 7,4 миллиард теңге салдық. Биылғы жылы екі айдың ішінде 7,3 миллиард теңге жіберілетін болады. Бұл былтыр желтоқсанда сатылған объектілерден түскен қаражат", — деп жауап берген министрге мемлекет басшысы мұның дұрыстығын айтты.
"Сіздің тікелей тапсырмаңыз бар. Жекешелендіруден түскен ақшаның бәрі толығымен Ұлттық қорға жіберіледі", — деп толықтырды үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.