АСТАНА, 6 ақпан — Sputnik. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол соңғы сөзінде қиын жағдайға тап болғанын, кінәсін мойындап, өкінгенін атап өтті. Біләл соттан отбасылық және денсаулық жағдайын назарға ала отырып, бас бостандығынан айырмауды және мемлекеттік айыптаушы сұраған айыппұл көлемін мүмкіндігінше төмендетуді өтінді.
Сондай-ақ ол соттан атақтары мен марапттарын "тартып алмауды" сұрады.
"Шығармашылық адамы ретінде құрдымға кетпеуім үшін, одан әрі жылжуға күш табу үшін менің атақтарымды тартып алмауыңызды өтінемін… ", — деді ол.
Ерлан Біләл бұрын ешқашан полицияға түспегенін айта келе, көз жасына ерік берді.
" Мен кінәлімін, қателестім, өтінемін, егер заң бұған мүмкіндік берсе, балаларым үшін мені қолдап жіберіңіз. Егер маған қолдау көрсетсеңіз, еліміздің игілігі үшін қайтадан еңбек етемін, студенттерге қайта сабақ беремін ", — деді Біләл.
Қорғаушы тарап Қылмыстық кодекстің 65-бабы бойынша (қатты өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босату) Біләлді қылмыстық жауапкершіліктен босату немесе прокурор сұраған айыппұл көлемін төмендетуді сұрады. Сондай-ақ оның төрт баласы бар екені, оның екеуі кәмелетке толмағаны аталып өтті.
Естеріңізге сала кетсек, 5 қаңтарда М.Əуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры театр базасын балаларға арналған мерекелік шараларды өткізуге жалға бергені үшін 1,5 миллион теңге көлемінде пара алмақ болғаны анықталды.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын 2015 жылдың 27 сәуірінен бері басқарып келген.