АСТАНА, 29 қаңтар — Sputnik. Алматыда екі ірі жол апаты салдарынан ұзын-сонар кептеліс пайда болды, деп хабарлайды оқиға куәгерлері Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Жеті автокөлік Жандосов және Алтынсарин көшелерінің бойында апатқа ұшырапты.
Куәгерлердің айтуынша, Toyota Camry Алтынсарин көшесімен солтүстік бағытта келе жатады, ал Toyota Carina E көлігі Алтынсарин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, Жандосов көшесіне бұрылмақ болады. Toyota Camry көлігі тоқтап үлгермей, Toyota Carina E көлігін бүйірден соққан. Toyota Camry көлігінің артында ГАЗель келе жатады, оның жүргізушісі де тоқтап үлгермей, бар жылдамдықпен Toyota Camry көлігінің артынан соғады. Бұл жол апатында Toyota Carina E көлігінде отырған екі адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.
Содан кейін Жандосов көшесінде келе жатқан Toyota Gracia мен автобус жол апатын айналып өтпек болып, бір-бірімен соқтығысып қалады. Автобус Жандосов көшесіндегі жолдың жартысын жауып қалған. Екінші бетте келе жатқан Honda CR-V мен Volkswagen көліктері де апатты айналып өтеміз деп бір-бірімен соқтығысқан. Салдарынан барлық бағытта ірі көлік кептелісі пайда болды. Қазір оқиға орнында жол полициясы қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Тағы бір ірі жол апаты Әл-Фараби және Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, апатқа ұшыраған көліктердің бәрі Әл-Фараби бойымен батыс бағытта кетіп бара жатқан.
Оқиға куәгерлерінің сөзіне сүйенсек, Mercedes-Benz E-Class қатты жылдамдықпен келе жатып, неге екені белгісіз Subaru Legacy көлігіне соғылады. Subaru Legacy қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, бірнеше қоршау бөлігін бұзады. Mercedes-Benz E-Class шыр көбелек айналып, Toyota Land Cruiser көлігін қағады, ал ол өз кезегінде Toyota RAV 4 көлігіне соғылады. Жол апатынан Subaru Legacy көлігінде болған бір бала мен бір ересек адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.