АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Дүниежүзілік банк Орталық Азияда жаһандық жылыну қатері салдарынан соғыс басталуы мүмкін деген болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан.
"Шынымен де климаттың өзгеруімен күрес шараларын кейінге қалдыруға болмайтын сәт туып отыр. Алдағы үш жылда ауаға таралатын көмір қышқыл газы (СО2) артатыны сөзсіз. Сондықтан біз батыл іс-әрекеттер жасамасақ, 2030 жылға қарай жаһандық температура 2 градусқа артқанын көреміз", – деп мәлімдеді Дүниежүзілік банктің өкілі Ато Браун Алматыдағы конференцияда.
Сарапшы бұл су, азық-түлік тапшылығын және өзге де проблемалар тудырып, елдер арасындағы қақтығысқа әкелуі мүмкін деп есептейді.
"Банк Парижде климаттың өзгеруіне байланысты қатерге жауап ретінде 2019 жылдан кейін мұнай және газ өндірісіне қаржы бермейтінін жариялады. Әлем жылдам өзгеріп жатыр және оған барлығымыз бейімделуге тиіспіз. Біз сондай-ақ 2020 жылға қарай кредиттің 28%-ы климаттық шараларға бөлінетінін мәлімдедік", – деді Браун.
Оның айтуынша, банк жаһандық жасыл қордан климаттық бағдарламаларды қаржыландыруға 90 миллион долларға жуық қаржы алған.