АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан "Алтын домбыра" айтысының өтпей қалу себебін сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Еліміздің 16 өңірінде айтыс өткізілді. Алайда жеңімпаздармен "Алтын домбыра" айтысы неліктен өтпей қалды? Жүрсін Ермандар неге басқа айтыс өткізді? Осыған қарағанда айтыс екіге бөлініп кетті ме?", — деп сұрады БАҚ өкілдері.
Министрдің айтуынша, айтысқа төрелік ететін қазылар алқасын жергілікті әкмдіктер таңдайды. Мұның өз ережесі бар.
"Жүрсін Ерманға келетін болсақ, біз оған үлкен құрметпен қараймыз. Ол 28-29 желтоқсанда Алматыда айтыс өткізді. Біз сол кезде ол кісіге хабарласып, министрліктен қандай көмек керек екенін сұрадық. Алдағы уақытта Жүрсін Ерманмен бірге жұмыс істеуге қатысты үлкен жоспарымыз бар", — деді ведомство басшысы.
Мұхамедиұлы облыстық айтыс жеңімпаздары Ақтөбе қаласында өткен айтыста бақ сынағанын атап өтті.