АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Мәжілістің бір топ депутаты үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, "Қазақфильм" киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастыруды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Белгілі болғандай, Алматыдағы қазақ кино өнерінің қалаушыларының бірі Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының кешені жекешелендірілетін нысандардың тізіміне енгізіліпті. Кезінде көптеген кітапханала, мәдениет үйлері, балабақшалар, кітап дүкендері және тағы басқа әлеуметтік нысандар жекешелендіріліп, бастапқы мақсаттарынан өзгертіліп, орасан әлеуметтік зардап шегіп, экономика түзелгеннен кейін сол тегін кеткен әлеуметтік нысандарды мемлекеттің қыруар қаржысына қайта сатып алған едік. Осы жағдайды естен шығармағанымыз абзал болар еді", — деді бүгін мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутаттың атынан Сағынтаевқа сауал жолдаған Қуаныш Сұлтанов.
Оның айтуынша, "Қазақфильм" кешенінің өзі қасиетті шаңырақ. Ал киностудияны сатып алатын адамның киноөндіріспен шұғылданбайтыны бесенеден белгілі.
"Өйткені, ол таяу жылдар ішінде коммерциялық пайда бере алмайды. Әйгілі "Голливудтың", тіпті бізге жақын "Мосфильмнің" дәрежесіне жетуге жылдар мен қыруар қаржы керек. Сірә, оның тұрған жері мен ғимараттары қызықтырып тұрса керек. Ал шетелдіктердің қолына тисе, онда сөз жоқ, біз ұлттық кинодан, осы салада Елбасы мақаласында айтылған ұлттық код, тегімізді насихаттау мүмкіндігінен айырыламыз. Студияны сатып алған қожайын өзінің идеологиясын жүргізетін болады. Ол біздің жас өркен таланттарымызды өз мүддесіне мәжбүрлейді", — деген алаңдаушылығын жеткізді ол.
Осы жағдайды ескере отырып, депутаттар үкімет басшысынан "Қазақфильм" киностудиясын жекешелендіру тізімінен шығару мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр.