АСТАНА, 23 қаңтар — Sputnik. Қостанай полициясы көлік ұрлаушыларды ұстау үшін табельдік қару қолданды, деп хабарлады облыстың ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
"21 қаңтарда таңғы бес кезінде түскен хабарламаға сәйкес, дизель зауыты ауданында әріптестеріміз қатты жылдамдықпен келе жатқан BMW көлігін байқапты, бірақ көлік, полиция белгі берсе де, тоқтамаған", — деді полиция аға лейтенанты Мақсат Бәкіржан.
Патрульдік полиция облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігіне әріптестеріне көмектесуге аттанады, тәртіп сақшылары екі патрульмен мемлекеттік нөмірі жоқ BMW көлігінің соңынан қуады.
Құқық бұзушыларды Қостанай-2 ауданына дейін қуып, Жуковкий мен Белинский көшелері қиылысында олардың көлігі жыраға түсіп кетеді. Күдіктілер көліктен шығып, жан-жаққа бытырап қаша жөнелген.
Полиция қар басқан жазық далада қылмыскерлердің соңынан қуады. Көлік ұрлаушылар заң талаптарын бұзғандықтан, полицейлердің бірі заң бойынша табельдік қарумен аспанға оқ атады. Сөйтіп, күдіктілер ұсталыпты.
Кейінірек анықталғандай, ұсталғандар 18 жастағы жергілікті тұрғындар екен. Олар ТҚКС аумағынан көлікті ұрлап кетіпті. Қазір сотқа дейінгі амалдар жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар кінәсін мойындады.